Теміртау қаласындағы екі мектептің төңірегіндегі дау басталғалы да екі айдай уақыт болып қалыпты. Даудың басы жергілікті биліктің 2011 жылдың 30 мамырында шығарған №151 бұйрығы. Яғни, аталған қаладағы №9 және 16 орыс мектептерін қазақ мектептеріне айналдыру жайлы бұйрық. Бұл мәселені біздің БАҚ бір жақты беріп жүрген жоқ па? Шынымен осындай шу көтеруге лайықты мәселе бар ма?Біз осы мәселені жазамыз деп ұлтараздық туындатып алмаймыз ба? Орыс тілді ата-аналардың сөзіне қазақ тілді ата-аналар не айтар екен?! Осы сұрақтарды анықтау үшін Теміртау қаласына ат басын бұрдық.
Бүгінде № 16 мектеп толығымен қазақ мектебіне айналды. 1200 оқушыға арналған бұл мектепте шамамен 460-тай орыс тілді оқушылар және 240-тың шамасындағы қазақ тілді оқушылар оқыпты. №4 мектептегі 240-қа жуық орыс сыныптарының оқушылары мен 400-ге жуық қазақ оқушыларының орындарын ауыстырып бұл мәселе осылайша өз нүктесін тапқан.
Ал, тоғызыншы мектептің жағдайы сәл басқаша болып отыр. Бұл мектеп осыған дейін таза орыс мектебі болғандықтан мұғалімдер мен ата-аналар, мектептің бір күнде қазақ мектебіне айналып кетуіне қарсы. Мектепте еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы басқа мектепке барғанда жалақыларының көлемдерінің сақталатынына, тіпті жұмыссыз қалмайтындарына сенімсіз. «Біз қазақ мектептерінің ашылуына қарсы емеспіз. Кейбір сайттар бізді ұлтараздықты бастаушы ретінде көрсетіп отыр. Бұл дұрыс емес. Біздің арамызда қазақ ұлтының өкілдері де бар.15 пайыз оқушы орыс тілінде оқитын қазақтар. Бірақ, шешімді де аяқ асты шығара салуға болмайды. Біздің жүргізген санағымыз бойынша бұл мөлтек ауданда қазақ тілді оқушылардың саны тек 39 ғана екен. Біздің мектепте осы мөлтек ауданнан 600ден астам бала оқиды. Сонда 39 оқушыға бола 600 оқушыны басқа жаққа қаңғыртпақ па? Сондықтан да неліктен біздің №9 мектеп-лицейін таңдап алғандары белгісіз?!» дейді тарих мұғалімі Наталья Викторовна.Мәскеудің бір жылда тұрғызылмағанын тілге тиек етіп отырған бұл тарап мәселені сотқа апарып тіреген еді. Шағымданушылардың санын 350 оқушы және 308 ата-аналар мен оқытушылар деп көрсетіп отыр шағымданушы жақ. «№9 мектепті емес № 24 мектепті таза мемлекеттік тілде білім беретін мектепке айналдыру керек. Қазақ тілді ата-аналар облыс әкіміне шағымданған болатын. Бұл жайдымаусым айының бірінші жұлдызында облыстық «5 арна» телеарнасы келіп түсірген болатын. Жергілікті басшылықтың бұл шешімді қалай қабылдағанын түсінбейміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы тарихты қайта қарауға қарсы адам. Ендеше неге Хрущщев жапқан мектептер үшін біз және біздің балаларымыз жапа шегуіміз керек?»» деген Наталья Викторовна қолымызға сексеннен артық адам қол қойған 4 ықшам ауданының тұрғындарының өтініштері мен арыздарының көшірмесін қолымызға ұстатты.
Бұл мәселеге баласын қазақ тілді мектепке бергісі келетін ата-аналарда бей-жай қарап қалғысы жоқ. Мектеп ауласында балаларын осы мектепке тізуге келген ата-аналарды кездестіріп, ол кісілердің де пікірін білдік.
Өзін Исабекова Гүлнар деп таныстырған ата-ана «Менің балаларыма осы мектептен ыңғайлысы жоқ. Бұл мектеп қазақ мектебіне айналады дегенде қатты қуандық. Жолдың бойында, аялдамаға жақын екен деп. Әкімшіліктегілер тектен текке бұндай шешім қабылдамаған болар. Біз мысалы Астана трассасының бойындағы «Правый берег» деген жерде тұрамыз. Ол автобуспен шамамен 40 минөттік жер. Ал,баламызды басқа мектептерге берсек бұл уақыттың үстіне тағы бір 15-20 минөт қосуымыз керек. Сонда, біздің балаларымыз таңғы 5 те жолға шығулары керек пе? Біздің мөлтек ауданнан кемінде 40 бала осы мектепке келеді» деп отыр.
«Мен бір-ақ күнде баласын осы мектепке бергісі келетін 84 ата-ананың қолын жинадым. Ал, орыс тілді ата-аналардың мөлтек ауданда 39 ғана қазақ сыныбының оқушысы бар дегені дұрыс емес. Бұл жерде басқа да кварталдар мен аудандар қарастырылып отыр. Бір-бір ауданға бір-бір орыс және қазақ мектебі деген саясат болса қарсы емеспін. Бірақ, бұл жағынан орыс тілінде оқитын оқушыларға мәселе туындамайды. Қай мөлтек ауданға барса да бір орыс мектебі бар. Неліктен біздің балаларымыз ғана 5, тіпті 10 аялдама жерден келіп оқуы керек?!» дейді Айнұр Нұрмаханова атты ата-ана. «Егер,жоғарғы жақ бұл шешімді өзгертіп,мектеп баяғыша орысша болып қала берсе,біз де шағымданатын жерлердің бәріне шағым түсіреміз. Әзірге жергілікті басшылар ұлтараздық қақтығыс туындамасын дегенге тыныш отырмыз. Мен артымнан тағы 20-25 ата-ананы ертіп балаларымның қазақша білім алуы үшін барлық қадамдарға бара аламын. Өзім орысша білім алсам да баламның мемлекеттік тілде, таза қазақша мектепте білім алуын қалаймын.Заң шығарылды ма оны барлығымыз орындауымыз тиіс, барлығымыз заң алдында бірдейміз» деп қорытындылады сөзін Айнұр ханым.
«- Біз жасаған сараптама негізінде соңғы бес жылда қазақ тілді оқушылардың саны 1 мыңға артқанын анықтадық. Соңғы бес жылда олардың тұрақты өсімі байқалады. Бұл әрине алда да өсе бермек. Мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде екі мыңнан аса оқушы оқиды. Ал орыс және аралс мектептеріндегі балалар саны 2900. Өзіңіз байқап отырғандай тепе-теңдік мүлдем сақталмай отыр. Мәселен, біздегі кей орыс мектептері 1 мың оқушыға арналған. Ал онда бар жоғы 500 бала білім алады. Ал шамамен 500-600 оқушыға арналған қазақ мектептеріндегі оқушылар екі ауысымда оқиды. Бір сыныпта 30-35 баладан. Кей кезде кабинет жетпегендіктен кей пәндерді балалар дәлізде отырып оқыған кездер болды. Бұл соңғы бірнеше жылда болып отырған жайт» – деген екен Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Юрий Жулин «Азаттық радиосының» тілшісіне берген сұхбатында.
Алғашқы екі отырыста нақты шешімге келмеген сот, отырысты тағы кейінге шегерді. Бұйрық өз күшінде қала ма,әлде күшін жоя ма ол уақыт еншісінде.